Жезқазғандағы облыстық аурухананы жаңғыртуға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жезқазғандағы облыстық аурухананы жаңғыртуға 7 млрд теңге бөлінеді
Жезқазғандағы облыстық аурухананы жаңғыртуға 7 млрд теңге бөлінеді / Фото: shutterstock

Ұлытау облысында Облыстық көпбейінді аурухана толықтай жаңғыртылып жатыр. Төтенше жағдайлар мен медицина саласын дамыту аясында 9 қабатты корпусты күрделі жөндеуге 4,2 миллиард теңге бағытталса, тағы 2,7 миллиард теңге жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, аумағы 24 мың шаршы метрден асатын ғимаратты жаңарту жұмыстары 2025 жылы басталып кеткен.

«Қазіргі уақытта ғимарат іші, инженерлік желілер, ота жасау бөлмелері мен палаталар жаңартылып жатыр. 6, 7, 8 және 9-қабаттар толық жөндеуден өтті. 5-қабаттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен қатар аурухана ауласы да абаттандырылады. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған», – делінген хабарламада.

Министрліктен 2,7 миллиард теңгеге сатып алынған заманауи медициналық техника жөнделген бөлмелерге орнатылды. Атап айтқанда, ауруханаға томографтар, ангиограф, эндоскопиялық және роботтандырылған жүйелер жеткізілген.

Бұдан бөлек, өңірдегі онкологиялық қызметті кеңейту үшін аурухана жанынан 100 төсектік жаңа корпус салу көзделіп отыр.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқытуға арналған симуляциялық орталық ашылады. Онда дәрігерлер жоғары технологиялық манекендерді, виртуалы модельдер мен арнайы дайындалған актер-пациенттерді пайдалану арқылы біліктілігін арттырады.

Бүгінгі таңда ауруханада пульмонология, кардиология және госпитальдық фармация бөлімшелері іске қосылды. Таяу арада гастроэнтерология мен ревматология бөлімшелері де өз жұмысын бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз