Астанада 700-локомотив құрастырылды

Астанадағы локомотив құрастыру зауыты 700-техниканы өндірді. Жаңа локомотив жыл соңына дейін «Қазақстан темір жолына» беріледі.
Кәсіпорын 17 жыл ішінде 700 локомотив шығарған. Соның 42-сі шетелге экспортталды. Зауыт маневрлік, жолаушылар және жүк тасымалына арналған Evolution сериясындағы локомотивтерді құрастырады.
Wabtec халықаралық тобына кіретін кәсіпорын айына шамамен 10, жылына 120 локомотив өндіре алады. Қазір зауытта 530-дан астам адам еңбек етеді.
Локомотив өндірісіндегі қазақстандық қамту үлесі шамамен 40%-ды құрайды. Кәсіпорын келесі жылдан бастап Қазақстанда жасалған дизель қозғалтқыштарын қолдануды жоспарлап отыр. Бұл жергілікті өндіріс үлесін арттырып, импорттық бөлшектерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Зауыт Астанадағы №1 индустриялық парк аумағында орналасқан. 2026 жылдың алғашқы жеті айында елорда кәсіпорындары 2,26 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі бір жылда 11,9% өскен.
Қазір индустриялық парк аумағында жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 жоба бар. Оның 103-і жұмыс істеп тұр, қалған 42 жоба іске асырылып жатыр. Kazinform мәліметі бойынша, мұндағы кәсіпорындарда 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.