Ұлттық қор үш айда 3,1 млрд долларға өсті

Жарияланды 29 Тамыз 2026 16:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Ұлттық қор 66 млрд долларға жуықтады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік қор нарығының қалпына келуі Қазақстанның Ұлттық қорына қосымша табыс әкелді. 2026 жылғы 1 шілдеде қордың валюталық активтері 65,5 млрд долларға жетіп, бір тоқсанда 3,1 млрд долларға көбейді.

Ұлттық банк басқармасы Ұлттық қорды сенімгерлік басқарудың екінші тоқсандағы есебін бекітті. Реттеушінің мәліметінше, осы кезеңде қордың инвестициялық табысы 2,92 млрд долларды құраған. Бұл тоқсан басындағы активтер көлемінің шамамен 4,7%-ына тең.

Қорға ең көп қолдау көрсеткен факторлардың бірі — технологиялық компаниялар акцияларының қымбаттауы. Геосаяси шиеленістің біршама бәсеңдеуі де инвесторлардың тәуекелді активтерге қайта оралуына мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде әлемдік акция нарығы қалпына келіп, облигациялар бағасы да бірқалыпты өскен.

Ал мұнай мен алтын бағасының төмендеуі, керісінше, қордың нәтижесіне қысым түсірді. Дегенмен акциялар мен облигациялардан түскен табыс бұл әсердің орнын толтырған.

Бұл жерде қор активтерінің 3,1 млрд долларға өсуі мен 2,92 млрд доллар инвестициялық табысты бір көрсеткіш деп қабылдамау керек. Ұлттық қордың жалпы көлеміне инвестициялық кірістен бөлек мұнай компанияларынан түсетін салықтар, бюджетке жасалатын аударымдар және валюталық бағалау да әсер етеді.

2025 жылы Ұлттық қор рекордтық нәтиже көрсеткен еді. Жылдық инвестициялық табыс 8,7 млрд доллар немесе 15,1% болды. Ұлттық банк мұны активтерді басқарудың консервативті үлгісінен теңгерімді үлгіге көшумен байланыстырған. Соның арқасында акциялар, корпоративтік облигациялар мен алтынның қор портфеліндегі салмағы артты. Ұлттық банк дерегі

Екінші тоқсандағы нәтиже жаңа инвестициялық үлгінің табыс әкеліп отырғанын көрсетеді. Алайда бұл кіріс тұрақты емес: әлемдік акциялар арзандаса, облигациялар кірістілігі өзгерсе немесе мұнай мен алтын бағасы түссе, қор активтерінің құны да төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз