1 қыркүйектен кейін көлік импортында не өзгереді

Қазақстанда автомобиль импортын тексеру күшеймек. Бірақ бұл ел ішінде бұрыннан жүріп жүрген көліктерді жаппай қайта тексереді деген сөз емес. Негізгі назар кедендік төлемді азайту үшін көліктің бағасын төмен көрсететін және техникалық талаптарды айналып өтетін импорттаушыларға аударылады.
Kazinform-ға пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап жаңа салық немесе бөлек төлем енгізілмейді. Әңгіме бұрыннан бар кедендік және техникалық талаптардың орындалуын қатаң бақылау туралы болып отыр.
Кімдерге әсер етеді?
Өз көлігін Қазақстанда тіркеп, пайдаланып жүрген азаматтарға айтарлықтай өзгеріс болмауға тиіс. Автонарықты талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның сөзінше, бақылау негізінен елге енді әкелінетін машиналарға қатысты болады.
Импорт кезінде көліктің кедендік құны, құжаттары, VIN нөмірі, экологиялық санаты және техникалық жағдайы мұқият тексерілмек. Оң рөлді автомобильдерді әкелуге қойылған шектеу мен экологиялық талаптардың сақталуы да назарда болады.
Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы ережелер жеткілікті. Мәселе — сол талаптарды барлық импорттаушыға бірдей қолдану және көлікті заңсыз кіргізуге мүмкіндік беретін жолдарды жабу.
Арзан көлік кейін қымбатқа түсуі мүмкін
«Сұр» жолмен әкелінген машина бастапқыда заңды рәсімделгендей көрінуі мүмкін. Алайда кеден органдары кейін тексеру жүргізіп, көліктің құны төмен көрсетілгенін анықтаса, төленбей қалған кедендік төлемді қазіргі иесінен өндіріп алуы ықтимал.
Бұдан да күрделі жағдайлар бар. Шетелден сатып алынған көлік бұрынғы елінде лизингте, кепілде немесе іздеуде болуы мүмкін. Мұндай ақпарат Қазақстанға жеткізілгеннен кейін анықталса, автомобиль ұсталып, тіпті тәркіленуі ықтимал.
Әсіресе делдал арқылы Дубайдан және басқа нарықтардан көлік сатып алатын азаматтарға құжаттарды алдын ала тексеру маңызды. Машинаның тек техникалық жағдайына емес, оның шетелдегі құқықтық тарихына да назар аудару қажет.
Сатып аларда нені тексерген дұрыс?
Импортталған көлікті аларда сатып алушы мына құжаттарды сұрағаны жөн:
- кедендік декларация;
- кедендік төлемдердің толық төленгенін растайтын құжат;
- VIN нөмірін тексеру нәтижесі;
- көліктің шетелде кепілде немесе лизингте тұрмағаны туралы мәлімет;
- қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға сәйкестік құжаты.
Қазақстанда шамамен 5,2 млн жеңіл автомобиль бар. Соның 40%-ға жуығы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді. Бір жағынан елге жаңа көліктер көптеп әкелініп, отандық өндіріс өсіп жатыр. Екінші жағынан, құжаттары күмәнді машиналардың келуі автопаркті қауіпсіз жаңартуға кедергі келтіреді.
Сондықтан бақылаудың күшеюі көлік бағасын көтеруге емес, импортты ашық етуге бағытталмақ. Дегенмен құжатсыз немесе кедендік құны әдейі төмендетілген автомобильдердің нарыққа кіруі қиындауы мүмкін.
Әзірге жаңа алым, жаппай қайта тіркеу немесе қолданыстағы көліктерді қайта тексеру туралы айтылған жоқ.