Қазақстанда жүрекке қандай күрделі операциялар жасалады

2026 жылдың алғашқы алты айында Алматыда кардиохирургиялық операциялар көлемі 68%-ға өсті. Осы кезеңде қалада 7 454 коронарография және 3 698 коронарлық араласу жасалды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйенсек, қазір Алматыда заманауи эндоваскулярлық араласулар мен ашық жүрекке жасалатын күрделі операциялар қолжетімді. Олардың қатарында жүрек трансплантациясы, LVAD имплантациясы, MitraClip, тамырішілік литотрипсия және күрделі коронарлық араласулар бар.
Жалпы, Қазақстанда 2025 жылы 13 106 ашық жүрек операциясы жасалған. Оның 46,1%-ы аортокоронарлық шунттау операцияларына тиесілі. Жүре пайда болған жүрек дертіне жасалған операциялар 22,7%-ды, туа біткен жүрек дертіне жасалған операциялар 13,1%-ды құрады.
Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанда қан айналым жүйесі ауруларымен сырқаттану 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеген.
2026 жылдың алғашқы бес айында жүректің ишемиялық ауруымен сырқаттану 10,1%-ға, жедел миокард инфаркті 5,7%-ға, инсульт 6,1%-ға азайған.
Мамандардың айтуынша, кардиологиялық және инсульт орталықтарының желісін дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмекті кеңейту, заманауи емдеу хаттамаларын енгізу және жедел медициналық көмекті жетілдіру бұл көрсеткіштердің жақсаруына ықпал еткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қан айналым жүйесі аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Жыл сайын бұл ауру шамамен 19,8 млн адамның өмірін қияды.