Авиаотын арзандап, дизель қымбаттады: күзде жанар-жанармай бағасы қандай болады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Күзде жанармай бағасы қандай болмақ / Фото: shutterstock

Күзгі жиын-терімге дайындық, мұнай өңдеу зауыттары жоспарының ауысуы мен сыртқы импорттың қысымы жаз соңында отын нарығын әжептәуір өзгертті. Күзгі салқынмен бірге жанар-жағармай бағасы қалай құбылмақ? Осы ретте RV-Oil&Gas сарапшылары отын нарығына қатысты болжамын жариялады.

Авиаотын арзандап кетті

Соңғы екі аптада ТС/РТ маркалы авиакеросин бағасы айтарлықтай төмендеді. Тамыздың басында тоннасы 860 мың теңге (ҚҚС-пен) төңірегінде болса, қазір 750 мың теңгеге дейін арзандады. Екі аптада 110 мың теңгеге арзандаған. Басты себеп- ішкі нарықта отын қоры тым көп. Жаз бойы елге ірі көлемде импорттық отын, соның ішінде Грузия порттары арқылы еуропалық Jet A-1 жеткізілді.

Ірі тұтынушылар отынды жеткілікті түрде жинап алғандықтан, қазір сақтау қоймаларында бос орын тапшы. Бұл ретте баға дисбалансы қалыптасты: ішкі нарықтағы 750 мың теңгелік баға (ҚҚС-сыз шамамен 646 мың ₸) шекарадағы жаңа импортпен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Шекарадағы импорттық керосин ҚҚС-сыз тоннасына 1,5 мың доллар немесе 810 мың теңге маңайында тұр. Яғни, ішкі ресурс жаңа импортқа қарағанда тоннасына 165 мың теңгеге немесе 20%-ға дерлік арзандады.

Дизель: орақ науқаны мен ресейлік импорттың әсері

Тамызда дизель отынына сұраныс артып, баға өсті. Әсіресе Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Бұған егін жинау науқаны мен қыркүйекте зауыт жөндеуге жабылады деген болжам себеп еді.

Тамызда Павлодар дизелінің бағасы ҚҚС-пен 375 мың ₸/т дейін көтерілді. Дегенмен, ПМХЗ-ны жоспарлы жөндеу 2027 жылға шегеріліп, күзгі тапшылық қаупін сейілтті. Соған қарамастан, ресейлік импорт әлі де қымбат: шекарадан салықсыз тоннасына 1,5 тыс. доллар құнымен өтіп жатыр.

Аи-95: ұсыныс шектеулі

Аи-95 бензині нарығы Аи-92-ге қарағанда тар, еркін өнім көлемі аз. Тамыздың аяғында Шымкент және Павлодар зауыттарынан шығатын Аи-95 бағасының жоғарғы шегі тоннасына 345 мың теңге (зауыттағы ҚҚС-пен) маңайында болды. Бұл ретте Атырау зауытының өнімі тоннасына 310 мың теңге төңірегінде қалыптасты.

Аи-92: нарық тұрақты, тапшылық жоқ

Аи-92 маркалы бензин бойынша жағдай тұрақты. Ішкі ресурс көлемі жеткілікті, айтарлықтай тапшылық байқалмайды. Шымкент пен Павлодар зауыттарында баға болжамы – тоннасына 280 мың теңге (ҚҚС-пен), ал Атырауда 250 мың теңге шамасында. Экспортқа кетеді деп жоспарланған отынның бір бөлігі әзірге ішкі нарықта қалып жатыр.

Битум: жол құрылысы бағаны өсірді

Жол құрылысының қарқын алуы битум бағасы өсуін жалғастыруда. Тамыз айында елдің оңтүстігінде нарықтық баға тоннасына 260-265 мың теңге (ҚҚС-пен) аралығында болса, Павлодарда 240-245 мың теңге деңгейінде белгіленді. Жалпы, битум жаздың басынан бері тұрақты өсім көрсетіп келе жатқан санаулы өнімнің бірі.

Жалпы, Қазақстан алдағы уақытта мұнай өңдеуді 2 есеге ұлғайтуды көздейді. Қазір елде жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың 19 млн тоннасы ғана өңделеді. 2033 жылға қарай көрсеткішті 40 млн тоннаға жеткізіп, сапалы отын экспортын арттыру жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз