Өскеменге қытайлық автогигант келуі мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
REUTERS/Kim Kyung-Hoon, бильд-редактор: Дастан Шанай

Өскемен қаласында бұрынғы «Азия Авто» автомобиль зауытының аумағында жаңа өндірісті іске қосу мүмкіндігі талқыланып жатыр.

YK-news.kz хабарлауынша, жобаға әлеуетті қатысушылардың қатарында қытайлық Dongfeng Motor Corporation компаниясы бар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Tricar Motors және Dongfeng Kazakhstan компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар автомобиль компоненттері мен арнайы мақсаттағы автокөлік техникасын өндіретін кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Қазіргі уақытта жоба бастапқы кезеңде тұр. Қатысушылар қандай өнім шығарылатынын, өндірістік қуаттардың көлемі мен инженерлік инфрақұрылымға қойылатын талаптарды, сондай-ақ жобаны іске асыру тетіктерін талқылауда.

Инвестиция көлемі, болашақ өндірістің қуаты және оны іске қосу мерзімі әзірге анықталған жоқ. Бұл параметрлер келіссөздер аяқталып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгеннен кейін нақтыланбақ.

Айта кететін жайт, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Қазақстан мен Қытайдың автокөліктерге қатысты қауіпсіздік, өндіріс, компоненттерді қолдануға қатысты техникалық регламентке қоятын талабы әртүрлі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз