Жеке мектептерді қаржыландыру тәртібіне өзгеріс енгізілмек

Қазақстанда жекеменшік мектептердегі оқу бағасын АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) байлаудан бас тарту жоспарланып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайтын жеке мектептерге бөлінетін қаржының нақты мөлшері белгіленбек. Оқу-ағарту министрлігі дайындаған бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылды.
Бастаманың басты мақсаты – ата-аналардың қалтасына түсетін салмақты азайту. Жыл сайын АЕК өскен сайын жеке мектептердегі оқу ақысы да өздігінен қымбаттап кететін. Жаңа тәртіп енсе, бұл үдеріс тоқтап, оқыту бағасы бірқалыпты әрі болжамды болады.
«Жоба қаржыландырудың тұрақты мөлшерін бекітуге, айлық есептік көрсеткішті жыл сайын қайта қарау кезінде оның автоматты өзгеруін болдырмауға, норманы іске асыру кезінде құқықтық айқындылықты қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген қаулы сипаттамасында.
Алайда қаржыландыру шегі қалай өзгеретіні нақтыланбаған. Құжат жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалғасады. Шешім содан кейін қабылданбақ.
2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінді.
Қазақстанда 900-ге жуық жекеменшік білім беру мекемесі бар. Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының мәліметінше, солардың 300-ден астамы ата-ана ақшасынсыз, үкімет тапсырысымен ғана жұмыс істеп келеді.