Қашаған акционерінің Қазақстандағы басшысы ауысады

Жарияланды 31 Тамыз 2026 14:03

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
TotalEnergies жаңа басшысы / фото: TotalEnergies архивінен

Қашағанды игеруге қатысатын француздық TotalEnergies компаниясы Қазақстандағы өкілдігінің басшысын ауыстырады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бұл қызметке Мурад Табути кіріседі. Ол өкілдікті соңғы төрт жыл басқарған Фруде Юнестің орнына келеді.

Жаңа басшы кім?

Мурад Табутидің энергетика саласында 20 жылдан астам халықаралық тәжірибесі бар. Қазақстанға тағайындалғанға дейін ол TotalEnergies-тің Париждегі бас кеңсесінде мұнай-газ барлау және өндіру бағытының жиынтық бюджеті мен есептілігіне жауап берген.

Бұған дейін Қатардағы North Oil Company мен Алжирдегі Groupement Timimoun компанияларында қаржы директоры болған. Ал Фруде Юнес Қазақстандағы жұмысын 31 тамызда аяқтап, TotalEnergies-тің бас кеңсесінде жаңа жобаны басқармақ.

Қашағаннан бөлек қандай жобалары бар?

TotalEnergies Қашаған кен орнын игеретін Солтүстік Каспий жобасының 16,81%-ына иелік етеді. Сондықтан жаңа басшының жұмысы Қазақстандағы маңызды мұнай жобаларының біріне қатысатын инвестордың қызметімен байланысты.

Компания елімізде жаңартылатын энергетикаға да инвестиция салып отыр. Жамбыл және Қызылорда облыстарында жалпы қуаты 128 МВт болатын екі күн электр станциясын басқарады.

Бұдан бөлек, қуаты 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр станциясы жобасын дамытып жатыр. Жоба 160 жел турбинасы мен сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия сақтау жүйесін қамтиды.

Сондай-ақ оқыңыз