Футбол төрешісіне ақша ұсынды: күдікке ілінген рефери өмір бойына жұмыстан шеттетілді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) отандық чемпионаттағы кейбір клуб өкілдері төрешілерді сатып алып, өз командаларына ыңғайлы нәтиже жасауға тырысқанын хабарлады.

Федерацияның мәліметінше, төрешілердің біріне ақша ұсыну немесе заңсыз қысым көрсету әрекеті тіркелген. Тексеріс нәтижесінде ҚФФ бұл төрешіні футбол матчтарына төрелік етуден өмір бойына шеттетті. Төрешінің аты-жөні әзірге құпия сақталып отыр.

ҚФФ ақша ұсынғандарға жеңілдік жасалмайтынын ескертті

Федерация өкілдері мұндай заңсыздықтарға мүлдем шыдамайтынын хабарлады. Төрешілерді сатып алуға, ақша ұсынуға немесе ойын нәтижесіне сырттан әсер етуге тырысқан кез келген адам мәртебесіне қарамастан – жауапқа тартылады.

«Қазіргі уақытта пара беру, қысым көрсету және матч нәтижесін бұрмалау бойынша барлық деректер мұқият тексеріліп жатыр. Кінәлілер анықталса, іс заң орындарына тапсырылады», – делінген ҚФФ хабарламасында.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы мұндай заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту мақсатында ел заңнамасына өзгерістер енгізуді ұсынбақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан премьер лигасының «Елімай» – «Ордабасы» ойынынан кейін, төреші Арман Есмұратов жұмыстан уақытша шеттетілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз