Бурабайда электр кемелері іске қосылды

Бурабайда туристерді тасымалдауға арналған электр кемесі сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, Бурабай көлінде Pana Sayakhat жаңа көлік жүйесінің бастапқы кезеңі іске қосылды. Бұл бастама ұлттық паркке түсетін автокөлік жүктемесін азайтып, туристерге экологиялық таза қатынас жолдарын ұсынуды көздейді.
«Демалыс күндері Бурабайға аптасына 30 мыңға жуық көлік кіреді. Тек Бөлектау бақылау алаңына күн сайын 5 мыңнан астам адам келеді, олардың көбі – жеке көлікпен. Ұлттық парк ішінде бұндай ағынға жететін тұрақ салу мүмкін емес. Сондықтан негізгі көлік ағынын сырттағы тұрақтарға және қоғамдық көлікке бағыттау қажет», – деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.
Осыған байланысты курорттың көлік көп жиналатын аумақтарынан тыс стратегиялық нүктелерде көлікті қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға арналған тұрақтар салынады.

Алғашқы тұрақтар Айнакөл маңында пайда болады. Туристер мұнда жеке көлігін қалдырып, экологиялық таза қоғамдық көлікке ауыса алады.
Жобаның басты жаңалығы – электр кемелері. Ол Айнакөл мен Бөлектауды байланыстыратын бағытта қатынайды. Алдағы уақытта аралық аялдамалары бар шеңберлі маршрут іске қосу жоспарланып отыр.
Кемелер тек электр қуатымен жүреді. Сондықтан олардан зиянды шығарындылар бөлінбейді әрі жанармайдың суға төгілу қаупі болмайды.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап көлдегі көлік қозғалысын шектеу жоспарланып отыр. Бұл талаптан электрлі кемелерге ғана ерекшелік жасалады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, пилоттық жоба көлік бағыттарын пысықтап, қауіпсіздік мәселелерін зерделеуге және жолаушылар ағынын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл курорттық аймақтың көлік жүйесін кеңейту кезінде ескеріледі.
Тағы да оқыңыз: Бурабайда Көкшетау мен Бөлектау тауларына шығуға уақытша шектеу қойылды.