ШҚО-да мемлекеттік мекемеден 10 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының прокуратурасы мемлекеттік мекемеде бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығы мен тиімділігін тексеру барысында «Алтай ауданының архитектура, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ бухгалтері бір жыл бойы екі бюджеттік бағыты бойынша өз банктік шотына ақшаны заңсыз аударып отырғаны анықталды.
Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 10 млн теңгені құрады.
Осы факт бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Алтай аудандық соты қызметкерді кінәлі деп танып, оны жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айыруға соттады.
Бұл ретте ҚР ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталған азаматшаның жас баласының болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырылды.
Жымқырылған бюджет қаражаты мемлекет кірісіне толық көлемде қайтарылды.