Астанада 1500 ерекше бала бірінші сыныпқа барды

Осы оқу жылында Астанада ерекше білім беру қажеттілігі бар 1,5 мыңға жуық бала мектепке қабылданды.
Биыл қаладағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде 33 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті оқытумен қамтылған. Бұл бағытта мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысы маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда елорда мектептерінде осындай 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 кабинетті ашу жоспарланып отыр.
Инклюзияны қолдау кабинеттерінде балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіліп, олардың жеке білім беру қажеттіліктерін ескере отырып оқуына жағдай жасалады. Мұндай орта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатарластарымен бірге білім алуына мүмкіндік береді.
Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігі қыркүйектен бастап Астана мектептерінде ерекше балаларға арналған кабинеттер ашылатынын хабарлаған еді. Ол балалар үшін оқу бағдарламасы жеңілдетілген, оқу құралдары да балаларға ыңғайланып таңдалады.
Оқи отырыңыз: Оқушылар қанша сағат ұйықтауы керек – министрлік маңызды кеңес берді