Қырғызстанда 4050 метрлік тау шыңына «Шанхай ынтымақтастық ұйымының» атауы беріледі

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Шу облысы Аламудун ауданындағы «Ала-Арча» мемлекеттік табиғи паркінде орналасқан теңіз деңгейінен 4050 метр биіктіктегі шыңға «Шанхай ынтымақтастық ұйымының шыңы» (ШЫҰ шыңы) географиялық атауын беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шешім Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына және 2026 жылы Қырғыз Республикасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысының өтуіне орай қабылданды.
Жапаров жарлығына сәйкес, Қырғыз Республикасы Конституциясының 71-бабын басшылыққа ала отырып, министрлер кабинетіне мынадай тапсырмалар жүктелді:
Белгіленген тәртіппен «Ала-Арча» паркіндегі 4050 метрлік шыңға «Шанхай ынтымақтастық ұйымының шыңы» атауын беру мәселесін қарастыру. Үш ай мерзім ішінде тиісті Қырғыз Республикасы заңының жобасын әзірлеп, Жоғарғы Кенештің (парламенттің) қарауына енгізу.
Айта кетейік, бүгін 1 қыркүейк күні Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті басталды.