
Ақшасын жиі шешіп алмай, керісінше үстіне қаржы қосып отыруға дайын салымшылар үшін банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ-ді) 20%-ға дейін көтерді. 1 қыркүйектегі дерек бойынша ең жоғары тиімді мөлшерлемені Bereke Bank пен KMF ұсынып отыр.
Bereke Bank-тің «Сәлем» депозиті бойынша номиналдық мөлшерлеме 18,37%, ал ЖТСМ 20%-ды құрайды. KMF-тің толықтыру мүмкіндігі бар депозитінде де ЖТСМ 20%-ға жеткен, номиналдық мөлшерлемесі — 18,27%.
Одан кейін Home Credit Bank тұр. Банктің үш айлық «Хоум+» депозиті бойынша ЖТСМ 19,60%, номиналдық мөлшерлеме 17,90% деңгейінде. Altyn-i ұсынатын «Резерв+» депозитінің тиімді мөлшерлемесі 19,56%-ды, Freedom Bank-тің «Стратегия» депозитінде 19,50%-ды құрайды.
Eurasian Bank-тің үш айлық жинақтаушы Turbo депозиті бойынша ЖТСМ 19,22%-ға жетеді. Ал Home Credit Bank, Kaspi.kz, ForteBank, Bereke Bank, Bank RBK және KMF-тің бірқатар депозитінде тиімді мөлшерлеме шамамен 19% деңгейінде.
Тізімнің төменгі бөлігінде де мөлшерлемелер айтарлықтай жоғары. Bank CenterCredit 18,90%, Altyn-i мен Bereke Bank 18,50%, Eurasian Bank 18,33%, ал Halyk Bank 18,25% ЖТСМ ұсынады.
Мұнда номиналдық мөлшерлеме мен ЖТСМ-ді шатастырмаған жөн. ЖТСМ капиталдандыруды және салымның нақты табыстылығына әсер ететін өзге шарттарды ескеріп есептеледі. Бірақ 20% ЖТСМ үш айда салым сомасы 20%-ға өседі дегенді білдірмейді – бұл жылдық көрсеткіш.
Кестеге толықтыруға болатын, бірақ ақшаны ішінара шешіп алу қарастырылмаған депозиттер енгізілді. Сондықтан салым ашар алдында мерзімінен бұрын жабу тәртібін, ең төменгі соманы және пайыздан айырылып қалу шарттарын мұқият тексерген дұрыс.