Былтыр 15 млрд теңге пайда алған «Майқайыңалтын» акционеріне дивиденд төлемейді

Осыдан бірнеше жыл бұрын қызметкерлері мінген автобус апатқа ұшыраған «Майқайыңалтын» кеніші таза пайдасын 15,43 млрд теңгеге жеткізді. Көрсеткіш 2024 жылғы 5,57 млрд теңгелік межеден үш есе жоғары. Алтын компаниясының таза пайдасы артқанымен, акционерлеріне дивиденд төлемейді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Павлодар облысының Майқайың кентінде бағалы әрі түсті металл кенін өндіру және байытумен айналысатын компанияның жылдық түсімі екі еселеніп, 42,53 млрд теңгені құрады. Кірістің негізгі бөлігі алтын (29,58 млрд теңге) мен мыс (9,78 млрд теңге) концентратын сатудан түсті.
Өндіріс ауқымының ұлғаюымен бірге шығысы да өскен: еңбекақы қоры мен пайдалы қазбаларды өндіру салығының артуы салдарынан өнімнің өзіндік құны 20,02 млрд теңгеге, ал әкімшілік шығындар 2,44 млрд теңгеге жетті.
Соған қарамастан, кәсіпорын қаржы міндеттемелерін толық өтеп, жыл соңында қарызсыз шыққан. Қолда бар ақшалай қаражат пен оның баламаларының қоры 16,73 млрд теңгеге дейін молайды.
Есепті кезеңде компанияның акционерлер құрамында да өзгеріс орын алды. 2025 жылдың сәуірінде «АК Алтыналмас» компанияның 100% акциясын сатып алған.
2026 жылдың маусымында бұл үлес Gouden Reserves Kazakhstan Limited компаниясының иелігіне өтті. Активтің соңғы түпкі бақылаушысы – АО Family Trust атынан әрекет ететін АО Trustee Pte Ltd.
Ал «Алтыналмас» компаниясын Қазақстандағы ірі бизнестің жаңа «жұлдызы» Шахмұрат Мүтәліп сатып алуға ниетті.