Архив 50 жыл бұрын Алматыда мектепке барған оқушылардың суретін жариялады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Архив
фото: ҚР Президентінің Архиві

ҚР Президентінің Архиві Білім күні қарсаңында 50 жыл бұрын Алматыда түсірілген бірегей фотоқұжатты жариялады.

1976 жылғы 31 тамызда түсірілген ақ-қара фотода Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына барған 10 оқушы мен олардың алғашқы ұстазы Ж. Жақыпбекова бейнеленген. Балалар қолдарына гүл ұстап, Республика алаңымен келе жатыр. Фотодағы оқушылардың артында тұрған ғимаратта қазір Қазақстан-Британ техникалық университеті орналасқан.

№12 гимназия – Алматыдағы ең көне мектептердің бірі. Ол 1924 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен өлкелік тәжірибелік-үлгілі мектеп ретінде құрылған.

Мектеп түлектері қатарында Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Асқар Тоқпанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Хакімжан Наурызбаев және қазақ мәдениеті мен өнерінің басқа да көрнекті өкілдері бар. Тарихи фотоқұжат қазір ҚР Президенті Архивінің Алматыдағы филиалында сақтаулы. Сурет цифрландырылып, каталогқа енгізілген.

Архив қорында 1920-1991 жылдар аралығына қатысты жүздеген фотодерек сақталған. Олар Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сәулеті туралы мәлімет береді.

Оқи отырыңыз: 1 қыркүйек – Білім күні: 380 мың бала бірінші сыныпқа барды

Сондай-ақ оқыңыз