ШҚО-дағы құтқарушының өлімі: қылмыстық іс сотқа жолданды

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөліміндегі қылмысқа қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Марқұмның отбасы әділдік іздейді
Марқұмның жұбайы Меруерт Қайратқызының айтуынша, оның күйеуі Ескендір Тілек Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөлімінің аумағында пышақ жарақатын алған.
Әйелдің сөзінше, болған жағдайды ол тек 7 қаңтар күні таңертең білген. Жараланған ер адамды әріптестері полиция мен жедел жәрдем шақырмай, ауруханаға өздері жеткізген.
Қазіргі таңда марқұмның жақындары оқиғаның толық әрі әділ зерттелуін талап етіп отыр.
«Катонқарағай аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне күйеуімді жедел жәрдем шақырмай, өрт сөндірушілердің өздері жеткізіпті. Жедел жәрдем қызметі шақырылған жағдайда, қажетті алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетер еді. Жауап алу хаттамаларынан жарақаттың нақты қай жерде болғаны маған түсініксіз. Оқиға орнының сызбасы, GPS-координаттары бар ма? Өрт сөндіру бөлімінде бейнебақылау камералары қай жерде орналасқан? Бейнебақылауға кім жауапты?», – деп жазды Меруерт Қайратқызы Threads.әлеуметтік желісінде.
Полицияның ресми хабарламасы
ШҚО полиция департаменті бұл факт бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанын мәлімдеді.
«Іс «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабы бойынша жүргізілді.Қазіргі уақытта қылмыстық іс Катонқарағай аудандық сотына жолданды», –деп хабарлады полиция департаменті.