Жапонияда аюлардан қорғану үшін ЖИ мен дрон қолданыла бастады

Жапонияда аюлардың адамдарға шабуыл жасауы күрт артты. 2025 жылдың сәуірінен 2026 жылдың наурызына дейінгі аралықта жабайы аңдардың кесірінен 13 адам көз жұмып, 220-дан астам тұрғын түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Билік өкілдері күз мезгілінде қауіптің одан әрі күшейетінін ескертеді. Себебі бұл кезеңде аюлар қысқы ұйқыға дайындық ретінде белсенді түрде азық іздейді.
Шабуылдың көбеюіне не себеп?
Сарапшылар бұл жағдайды екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ауылдық жерлерде халық санының азаюымен байланыстырады. Жастардың қалаға жаппай көшуі салдарынан бұрын елдімекендер мен орман арасындағы «табиғи буфер» саналған егістік алқаптары қараусыз қалған. Жабайы табиғатты зерттеуші Лиам Эдкоктың айтуынша, осының кесірінен адамдар мен аюлардың мекендеу шекарасы жойылып барады.
Екінші себеп – жергілікті аюдың екі түрі – Хоккайдодағы қоңыр аю және азиаттық қара аю популяциясының қайта қалпына келуі. Аңшылар санының азаюы мен аңшылыққа қойылған қатаң шектеулер аюлардың көбеюіне ықпал еткен. Қазіргі таңда Жапонияда 57 мыңнан астам аю бар.
Аюлармен күрестегі жаңа технологиялар
Қауіпті аймақтарда елдімекендерге жақын ормандарға жасанды интеллектімен жабдықталған бақылау камералары орнатыла бастады. Жасанды интеллект аюды танып, жергілікті билікке бірден дабыл жолдайды.
Хоккайдо аралында аю көрінсе, жедел әрекет ету үшін ұшқышсыз аппараттар қолданылады. KDDI SmartDrone компаниясы аю байқалғаннан кейін 10 минут ішінде дронды әуеге көтеретін арнайы алаң әзірлеген. Бұл мамандар келгенше аңның қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Аюларды үркіту үшін күн батареясымен жұмыс істейтін, қасқыр бейнесіндегі роботтар орнатылып жатыр. Бұл құрылғы жойылып кеткен жапон қасқырының ұлыған дауысын шығарады.
Роботтарды өндіретін Wolf Kamui Co. компаниясының директоры Мотохиро Миясакидің айтуынша, соңғы кездері бұл роботқа сұраныс екі есе өскен. Қазіргі уақытта туристер мен балықшыларға арналған, биіктігі 20 см болатын «Monster Wolf Mini» нұсқасы жасалып жатыр. Оны сынақтан өткізу 2026 жылдың соңына жоспарланған.