Пәтер жалдау бағасы күрт өсті: Алматы мен Астанада қанша тұрады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Тамызда жалдамалы баспана қымбаттады / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда пәтер жалдау құны соңғы бір айда айтарлықтай өсті. Krisha.kz мәліметінше, бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы орта есеппен 11%-ға, екі бөлмелілер – 13%-ға, ал үш бөлмелілер 10%-ға қымбаттаған. Бағаның өсуі Алматы мен Астанаға ғана емес, еліміздің ірі қалаларының басым бөлігіне әсер етті.

Екі бөлмелі пәтерлердің бағасы барлық қалада өскен

Медианалық көрсеткіш бойынша екі бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы зерттеуге енген 19 қаланың барлығында қымбаттаған. Ең жоғары өсім мына қалаларда тіркелді:

  • Қарағандыда – 26%-ға өсіп, 230 мың теңгеге жетті;
  • Қостанай мен Павлодарда – 25%-ға өсіп, 250 мың теңге болды;
  • Оралда – 20%-ға қымбаттап, 180 мың теңгеге жетті;
  • Алматы мен Астанада – 16,7%-ға өсіп, 350 мың теңгені құрады.

Астана мен Алматыдағы жағдай

Шілде айының соңында Астана алғаш рет бір және үш бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны бойынша Алматыдан озған еді.

Тамыз айының қорытындысы бойынша елорда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау бағасы бойынша көшбасшылығын сақтап қалды. Астанада оның орташа медианалық бағасы 250 мың теңге болса, Алматыда – 230 мың теңге.

Ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша Алматы Астананы қуып жетті. Шілде айының соңында екі қала арасындағы айырмашылық 100 мың теңге болған. Қазір екі мегаполисте де үш бөлмелі пәтерді жалдау құны 500 мың теңгені құрайды.

Екі бөлмелі пәтерлер бойынша да жағдай өзгерген. Шілдеде Алматыда жалдау ақысы 300 мың теңге, Астанада 350 мың теңге болған. Қазір екі қалада да бұл көрсеткіш 350 мың теңгеге жетті.

Кей қалаларда баға бірден 25%-ға қымбаттаған

Жекелеген қалаларда пәтердің белгілі бір санаттарын жалға алу құны бір айдың ішінде бірден төрттен бірге өскен.

  • Павлодарда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 28,6%-ға қымбаттаған;
  • Көкшетауда үш бөлмелі пәтерді жалдау құны 30%-ға өскен;
  • Қарағандыда бір бөлмелі пәтерлер шамамен 20%-ға, үш бөлмелілер 22%-ға қымбаттаған;
  • Қостанайда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 20%-ға артқан.

Ал жалпы үрдістен Қонаев қаласы ерекшеленді. Мұнда бір бөлмелі пәтерлерді жалдау құны 150 мыңнан 140 мың теңгеге дейін төмендеген.

Сонымен қатар Қонаевта екі бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 3%-ға өскен, ал үш бөлмелі пәтерлердің бағасы өзгермеген.

Тәуліктік жалға алу туралы айтатын болсақ, бір айда Алматыда екі бөлмелі пәтердің тәуліктік жалдау құны 22 мың теңгеден 23 мың теңгеге дейін, яғни 4,5%-ға өскен. Ал Астанада баға өзгермеген.

Тағы да оқыңыз: Студенттер Астананың қай ауданында 80 мың теңгеге пәтер жалдай алады

Сондай-ақ оқыңыз