Қытайлық компания Абай облысында екі электр станциясын салуға ниетті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Абай облысында екі электр станциясы салынады
Абай облысында екі электр станциясы салынады / Фото: shutterstock

Қытайлық «China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd.» компаниясы Абай облысында екі электр станциясын салуға ниеттеніп отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Облыс әкімі Берік Уәли компания басшыларымен кездесіп, Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр энергиясы тапшылығын азайту және энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.

Қытайлық компания өңірде екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды ұсынды.

Бірінші жоба Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе кенті маңында қуаты 100–200 МВт жел электр станциясын, екінші жоба Аягөз ауданының Ақтоғай ауылы аумағында күн электр станциясын салуды көздейді.

«China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd» компаниясы электр энергетикалық жүйелерді жоспарлау, инженерлік консалтинг, жобалау, EPC моделі бойынша жобаларды іске асыру, сондай-ақ, жел және күн энергетикасы, энергия жинақтау жүйелері, электр желілері мен қосалқы станциялар саласындағы жобаларға маманданған.

Ұсынылған жобалар іске асқан жағдайда өңірді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қытайлық «Liaoning Hongda Group» компаниясы Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастады. Комбинатының құрылысына 138 млрд теңге бөлінбек.

Сондай-ақ оқыңыз