Үш күндік науқан: FlyArystan әуе билеттерін 20%-ға арзандатты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

FlyArystan әуе билеттерін 20%-ға арзандатты. 2-4 қыркүйек аралығында жолаушылар әуе билеттерін жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Жеңілдік қашанға дейін қолданылады

Әуекомпания мәлім еткендей, арнайы ұсыныс 2026 жылғы 2-4 қыркүйек аралығында жарамды. Осы кезеңде жолаушылар 2026 жылғы 1 қазаннан 2027 жылғы 1 наурызға дейін сапарға шығуға арналған билеттерді жеңілдікпен сатып ала алады.

20% жеңілдік FlyArystan-ның маршруттық желісіндегі Ақтау – Дубай – Ақтау бағытын қоспағанда, барлық ішкі және халықаралық рейстеріне қолданылады.

Әуекомпанияның хабарлауынша, акция күзгі-қысқы кезеңге сапарларын алдын ала жоспарлап жүрген жолаушыларға арналған.

«Үш күндік акция жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді», – делінген FlyArystan хабарламасында.

Қай күндері жеңілдік болмайды

Акция жоғары сұраныс кезеңіндегі кейбір рейстерге қолданылмайды. Атап айтқанда, жеңілдікпен билет мына күндердегі сапарларға берілмейді:

  • 2026 жылғы 24 қазаннан 1 қарашаға дейін;
  • 2026 жылғы 25 желтоқсаннан 2027 жылғы 5 қаңтарға дейін.

Билеттерді қайдан сатып алуға болады

Жеңілдікпен билеттерді FlyArystan-ның ресми сайтынан және мобильді қосымшасынан сатып алуға болады. Әуекомпанияның стандартты тарифіне салмағы 7 келіге дейінгі, ал өлшемі 56 × 23 × 36 сантиметрден аспайтын бір дана қолжүк кіреді.

Бұл ретте 20% жеңілдік тек билет тарифінің негізгі бөлігіне қолданылады. Орын таңдау, тіркелетін жолжүк, тамақтану және басқа қосымша қызметтер акция бағасына кірмейді.

Еске салайық, FlyArystan рейс кешіккен немесе тоқтатылған жағдайда жолаушыларға арналған онлайн-платформаны іске қосты. Егер рейс ұшуға 72 сағат қалғанда немесе одан аз уақыт бұрын кешіктірілсе не тоқтатылса, жолаушыға WhatsApp арқылы немесе электронды поштаға хабарлама жіберіледі. Хабарламадағы сілтеме арқылы жаңа ұшу уақытын растауға, басқа рейсті таңдауға немесе билетті қайтаруға болады.

Сондай-ақ оқыңыз