Миллионер Эдуард Кимге тиесілі Technodom таза пайдасын он есе қысқартты

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Yandex.kz6 бильд-редактор Серикжан Ковланбаев

Миллионер Эдуард Кимге тиесілі Technodom.kz сауда желісінің 2025 жылғы таза пайдасы он есе қысқарды. Бұл туралы Technodom Оperator компаниясының шоғырландырылған есебінде жазылған.

Компания есебіне сәйкес, 2024 жылы 387,7 млн теңге табыс тапқан Technodom-ның былтырғы таза пайдасы бар-жоғы 38 млн теңгені құраған. Соның ішінде 66,9 млн теңгесі компания акционерлерінің үлесіне тиді.

Техника сататын дүкендер желісінің таза пайдасының азюына жалпы қаржы түсімінің қысқаруы әсер еткен. Сату көлемі 2024 жылғы 232,2 млрд теңгеден 2025 жылы 210,9 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Өйткені тұрмыстық техника мен электроника нарығындағы сұраныс бәсеңдеп, бәсекелестік күшейді. Соның салдарынан сауда желісі тиімсіз сауда нүктелерін жапты. Бір жылда компания дүкендер санын 78-ден 62-ге, ал тапсырыс беру пункттерін 57-ден 3-ке дейін азайтты. Қызметкерлер қатары 3 933 адамнан 3 528 адамға дейін қысқарды.

Оған қоса ірі дүкендер желісін ұстап тұру, логистика, қызметкерлер жалақысы, маркетингке жұмсалатын шығын көлемі де қомақты.

Дегенмен былтыр компания шығынды барынша азайтуға тырысқан. Сату бойынша шығыстар 47,77 млрд теңгеге (2024 жылы – 56,81 млрд теңге), ал әкімшілік шығыстар 7,41 млрд теңгеге (2024 жылы – 9.63 млрд теңге) дейін қысқарды.

Таза пайдасы азайғанына қарамастан, компания 2025 жылы акционерлерге 283,14 млн теңге көлемінде дивиденд төлеген.

Аудиторлардың қорытындысында мамандардың ескертпесі жазылған. Өйткені 2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияның берген қарызы 45,68 млрд теңгені құрайды. Аудиторлар қарыз алған тараптардың қаржы жағдайы мен қайтару шарттары туралы жеткілікті ақпарат ала алмағандықтан, бұл қаражаттың қайтарылатынына, несиелік шығындар резервінің дұрыстығына толық баға бере алмағанын мәлімдеді.

«Technodom Operator» АҚ-ның жалғыз акционері – Нидерландының Амстердам қаласында тіркелген TD Retail B.V. жеке компаниясы. Компанияның түпкілікті бақылаушы тарапы әрі негізгі иесі – Ким Эдуард.

Эдуард Ким Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына кіреді. Ол 197 млн доллар байлығымен Forbes тізімінде 52-орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз