«ҚазТрансОйл» ТОН-2 мұнай құбырын кеңейтуге 25 млрд теңге инвестициялайды

«ҚазТрансОйл» компаниясы Қытай Халық Республикасына Ресей мұнайының көлемін жылына 10 млн тоннадан 12,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл KASE алаңында өткен Эмитент күнінде белгілі болды деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жоба құны – 25 млрд теңге
Жобаны жүзеге асыру үшін компания «Туймазы – Омбы – Новосибирск – 2» (ТОН-2) магистральдық мұнай құбырын кеңейтуге 25 млрд теңге салады.
«Жобаның мақсаты – Ресей мұнайын Қытайға тасымалдайтын «Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» мұнай құбырының қазақстандық учаскесін кеңейту. Қазір бұл бағытпен жылына 10 миллион тонна мұнай айдалады. Компания мұнай көлемін тағы 2,5 миллион тоннаға арттыруды жоспарлап отыр», – деді «ҚазТрансОйл» бас директорының орынбасары Әміржан Оспанов KASE алаңындағы Эмитент күнінде сөйлеген сөзінде.
Оның баяндамасы аясында «ҚазТрансОйл» компаниясы «Солтүстік Қызылжар» жаңа мұнай айдау станциясын салуға ниетті екені айтылды.
Қаражат компанияның өзінен шығады. Құрылыс жұмыстары 2026-2030 жылдарға жоспарланған.
Бұған дейін мамыр айында Қазақстан мен Ресей Қытайға Ресей мұнайының жеткізілімін 2,5 млн тоннаға, яғни 12,5 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі келісімге қол қойған еді.
Қазақстан 2034 жылға дейін жасалған үкіметаралық келісімге сәйкес ҚХР-ға жыл сайын 10 млн тонна Ресей мұнайын тасымалдайды.
Сонымен бірге «ҚазТрансОйл» сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын мұнай қоймаларын салуды жоспарлап отыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбырларының ұлттық операторы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобына кіреді. Оның иелігінде ұзындығы 5,4 мың шақырым болатын әртараптандырылған магистральдық мұнай құбырлары желісі бар.