Елдегі 100 теміржол вокзалы қайта жөндеуден өтті

Елдегі 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр. Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Нысандардың техникалық жағдайына қарай қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, кейбір елдімекендерде жаңа жолаушылар кешендері салынды.
Бірқатар нысандарда ғимараттардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді, конкорстар салынды, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.
Қайта жаңғырту аясында барлық нысанда шатыр мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.
Вокзалдар заманауи жиһаздармен және навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау жүйелерімен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдарымен, сондай-ақ кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылып жатыр.
Бұған дейін Үкімет 2026 жылы 124 вокзалдың 121-іне реконструкциялау жұмыстары жүргізілетінін хабарлаған еді. Тағы үш ірі нысан – Астана, Алматы және Түркістан вокзалдары 2027 жылы аяқталады.