«Қаны бұзылса, қасиеті жоғалады»: қазақы тазыны қалай сақтаймыз

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстан бүгін қазақы тазы мен төбет күнін алғаш рет ресми түрде атап өтпек. Бұл дата Қазақстанның ұлттық ит тұқымы қазақы тазыны сақтауға арналған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

3 қыркүйектің таңдалуының өзіндік мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны ресми түрде танып, тұқымға № 372 стандартын бекітте отырып, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде белгіледі.

Тазының қазақ мәдениетіндегі ерекше орны бүгінде халықаралық деңгейде де бекітілген. FCI-дің ресми стандартында қазақы тазы «Жеті қазынаның» бірі ретінде аталып, ер жігіттің сенімді серігі символын білдіретіні көрсетілген.

Қазақ тазысының ерекшелігі мен тұқымды сақтау

Ақтөбе облысында қазақы тазы асыраумен 20 жылдан астам уақыт бойы айналысып келе жатқан кинолог Талғат Ермағамбетов әр ит тұқымының өзіне ғана тән ерекшелігі барын айтады.

«Қазақы тазы анатомиялық тұрғыдан да, мінез-құлқы жағынан да басқа тұқымдардан ерекшеленеді. Қазақ тазылары жуас келеді. Адамға жақын, адамға үйір болады. Сондықтан олар қабаған, адамға қауіпті ит емес. Қазақтар тазысын көбіне төрге жатқызған. Бұл да оның адамға жақындығын көрсетеді», – дейді кинолог.

Оның айтынша, қазақ тазысының сүйек бітімі де бөлек. Аңға шыққанда оның аң аулау тәсілі де өзіндік ерекшелікке ие. Басқа тұқымдардан қарағанда қазақ тазысының аңшылық қасиеті өзгеше екен.

Тазы асыраушылар нені ескеруі керек

Талғат Ермағамбетовтың айтуынша, тазы асыраушылардың ең үлкен қателігінің бірі – қазақ тазысын басқа тұқымдармен шатастыру.

«Қазақ тазысы – өзіндік сипаты қалыптасқан, жаратылысынан аңшылыққа бейім тұқым. Тайган – бөлек, грейхаунд – бөлек, хортая – бөлек, орыс борзойы – бөлек. Осылардың бәрін қазақ тазысымен шатастыруға болмайды. Кейде тұқымдарды будандастырып жатады. Соның салдарынан тазылардың қаны бұзылады. Қаны бұзылған тазы бұрынғыдай аңға жақсы шықпайды, өзінің табиғи қасиетін жоғалта бастайды. Сондықтан қазақ тазысын сақтаймыз десек, ең алдымен оның тұқым тазалығына мән беруіміз керек», – дейді ол.

Кинолог атағандай, тазы мен иесінің арасында ерекше байланыс болады. Аңға бірге шыққан кезде тазы иесін жақсы түсінеді екен. Иесінің қимылын, аңға шығатын уақытты, жағдайды сезіп отырады.

«Тазы аңға шыққанда дербес жұмыс істей алады. Қой немесе басқа жануар көрсе, соған қарай әрекет етеді. Жақсы үйретілген және табиғи қасиеті сақталған тазы аңшылықта өз міндетін біліп тұрады. Бізде төрт-бес, кейде алты тазы ұстайтын адамдар бар. Оларға көбіне ет береміз. Етті шикідей беретін жағдайлар да болады. Жақсы тамақтанған, дұрыс күтім көрген тазы жақсы өседі. Жаз кезінде кейбір аңшылар тазыларын байлап ұстайды. Себебі жазда далада көзге көрінетін кедергілер, шөп-шалаң көбейеді. Күз түскен кезде ғана аңға шығарады. Ал күшік кезінен далаға алып шықсаңыз, тазы біртіндеп табиғи ортасына бейімделеді. Түлкінің, қоянның және басқа аңдардың ізін, иісін сезіп үйренеді. Кейін өздігінен аңға шығуға бейімделеді», – дейді Талғат Ермағамбетов.

Маманның айтуынша, қаны аралас, тұқымы бұзылған тазыны қосымша үйрету қажет. Өйткені оның табиғи аңшылық қасиеті әлсіреуі мүмкін.

«Менің түсінігімде, қазақ тазысы – бір ғана ұлттық тұқым. «Мынадай қазақ тазысы, мынадай қазақ тазысы» деп оны басқа тұқымдарға бөліп қараудың қажеті жоқ. Оның өзіндік анатомиялық ерекшеліктері бар. Сондықтан басқа жаратылған тұқымдармен шатастырмау керек. Тазының негізгі бағыты – аңшылық. Ал полиция немесе құтқару саласында қолдану мәселесі бөлек. Бұл бағытта арнайы қызметтік тұқымдар көбірек пайдаланылады», – деді ол.

Тазы тұқымын бұзып алмау үшін не істеу керек

«Қазір Қазақстан бойынша қазақ тазысын жинақтау, оның сүйегін, тұқымын анықтау бағытында жұмыс істеліп жатыр. Конференцияларда да осы мәселе талқыланып жүр. Қазақстан бойынша ұрғашы және еркек тазыларды анықтап, оларды тұқымдық жұмысқа пайдалану керек. Мысалы, асылдандыру кезінде әр ұрғашыға сәйкес келетін дұрыс еркек тазыны таңдау маңызды. Сол арқылы тұқымның сапасын сақтап, дұрыс күшіктер алуға болады. Қазақстан бойынша қазақ тазысының тұқымдық қорын қалыптастырып, оны арнайы есепке енгізу қажет. Әр итті сарапшылар қарап, оның тұқымға сәйкестігін анықтауы керек», – деп есептейді ол.

Айтуынша, бұл жерде кинолог-сарапшылардың жұмысы маңызды. Олар иттің анатомиялық құрылымын, сыртқы сипатын, мінезін және аңшылық қасиетін бағалауы керек.

Маманның айтуынша, тазы асырау саласында білікті сарапшылар тапшы.

«Сарапшы болу үшін тек теориялық білім жеткіліксіз. Тазыны жақсы білетін адам оның күшігін таңдап, өсіріп, аңға шығарып, тәжірибеде сынап көруі керек. Өмірінде тазы ұстамаған, тазы өсірмеген, аңға шығармаған, дұрыс күшік таңдамаған адам өзін сарапшы деп атағанымен, оның практикалық тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін. Нағыз сарапшы теорияны да, практиканы да білуі керек. Ол қандай ұрғашы тазымен қандай еркек тазысын жұптастыру керегін, тұқымдық жұмысты қалай жүргізу керегін, қандай күшіктің болашағы бар екенін білуі қажет», – деп түйіндеді кинолог.

Еске салсақ, енді жыл сайын 3 қыркүйекте «Қазақ тазысы мен төбеті күні» атап өтіледі. Үкімет 2026 жылғы 15 сәуірде қаулы шығарып, Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін толықтырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз