Ең қымбат оқу орнының студенттері жатақханаға шағымданып жатыр

Жаңа оқу жылы басталмай жатып Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері жатақханаға шағымданып жатыр деп хабарлайды Kursiv Media.
3-4 курс студенттерінің сөзінше, оларға ескі, жөндеуден өтпеген 5-жатақхананы берген. Жиһаздары ескі, дәретхана бүлінген, тұру мүмкін емес дейді олар. Бірақ сол ғимаратта тұру үшін жылына 275 мың теңге төлеуі керек.
Кей студенттердің жазуынша, бұл жатақханаға бір жыл бұрын жөндеу жұмысы жүргізілуі керек болған, бірақ ешнәрсе өзгермеген.

Жағдайды анықтау үшін Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) баспасөз орталығына хабарластық. Орталықтағы мамандардың түсіндіруінше, студенттер тым көп болғандықтан әлі жөндеуден өтпеген жатақхананы беруге мәжбүр болған. №5 Студенттер үйіне 2026–2027 оқу жылына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және жиһаз сатып алу жоспарланған. Тиісінше жатақхана жабық болған.
Бірақ қазір мұнда 800-ден астам студент орналасқан.
«Алдағы уақытта университеттің басқа жатақханаларында орындардың босауына қарай №5 Студенттер үйінде тұрып жатқан студенттерді басқа жатақханаларға кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Жатақхананың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында жиһаздарды біртіндеп жаңарту және ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады», – деп жазылған университеттің редакцияға жіберген жауабында.
Сондай-ақ жатақхана ақысын 30%-ға төмендету мәселесі қарастырып жатыр.
Осыған дейін Kursiv Media елдегі ең қымбат оқу орындарының рейтингісін дайындаған еді. ЕҰУ-да сол тізімде болды. Бұл университетте оқу үшін студенттер орта есеппен жылына 1,8 млн теңге төлеуі керек.
Ал грант иегерлері ең көп түскен университеттер тізімінде көш бастады. Биыл ЕҰУ 4 500 талапкерді грантпен қабылданған.