Үкіметтің 84%-ы орнында қалды: жаңа құрамға кімдер кірді (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Үкімет құрамы жасақталды / фото: Kursiv Media

Құрылтай сайлауынан кейін Қазақстан Үкіметі қайта жасақталды. Министрлер кабинетінің негізгі бөлігі орнын сақтап қалғанымен, төрт маңызды ведомствоға жаңа басшы келді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

2026 жылғы 3 қыркүйектегі жағдай бойынша Үкімет құрамына премьер-министрді қоса есептегенде 25 адам кірді. Олардың орташа жасы – шамамен 51 жас.

Үкімет құрамындағы 25 адамның 21-і қызметінде қалды. Төрт министрлікке жаңа басшы келді, оның ішінде Мұхтар Тілеуберді үш жылдан кейін Сыртқы істер министрлігіне қайта оралды.

Үкімет басшылығы

Үкіметті бұрынғыдай Олжас Бектенов басқарады. Құрылтай депутаттары оның кандидатурасын мақұлдағаннан кейін президент Бектеновті премьер-министр қызметіне қайта тағайындады.

Премьер-министрдің орынбасарлары да қызметінде қалды:

  • Нұрлыбек Нәлібаев – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы;
  • Қанат Бозымбаев – премьер-министрдің орынбасары;
  • Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі;
  • Жаслан Мәдиев – премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.

Үкіметке жаңадан келгендер

Жаңа Үкіметті жасақтау кезінде төрт министрлік басшысы ауысты.

Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі болып тағайындалып, бұл қызметте Ермек Көшербаевты алмастырды.

Тілеуберді үшін бұл қызмет таңсық емес. Ол Сыртқы істер министрлігін 2019-2023 жылдары басқарған. Кейін Қазақстанның Австриядағы елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Президент жарлығымен ол үш жылдан астам уақыттан кейін СІМ басшылығына қайта оралды.

Арман Қырықбаев мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Ол осы қызметті уақытша атқарып келген Аида Балаеваның орнына келді.

Қырықбаев бұған дейін Президент әкімшілігінде және мәдениет саласындағы мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарған. Ақорда жариялаған жарлықта оның жаңа қызметке тағайындалып, бұрынғы лауазымынан босатылғаны көрсетілген.

Мұрат Мұханов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Ол министрлік аппаратының басшысы қызметінен көтеріліп, ведомство басшылығында Шыңғыс Әріновті алмастырды.

Мұханов бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде, соның ішінде аумақтық бөлімшелерде басшылық қызметтер атқарған.

Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Ерлан Нысанбаевты алмастырды.

Қуантыров бұған дейін ұлттық экономика министрі болған, кейін сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды. Осылайша ол Үкімет құрамына жаңа сала басшысы ретінде қайта оралды.

Қай министрлер қызметінде қалды?

Үкіметтің экономикалық және әлеуметтік блогындағы министрлердің басым бөлігі қайта тағайындалды.

Қызметін жалғастыратын министрлер:

  • Ержан Сәденов – ішкі істер министрі;
  • Дәурен Қосанов – қорғаныс министрі;
  • Айдарбек Сапаров – ауыл шаруашылығы министрі;
  • Саясат Нұрбек – ғылым және жоғары білім министрі;
  • Ақмарал Әлназарова – денсаулық сақтау министрі;
  • Мәди Такиев – қаржы министрі;
  • Арман Шаққалиев – сауда және интеграция министрі;
  • Нұржан Нұржігітов – су ресурстары және ирригация министрі;
  • Ербол Мырзабосынов – туризм және спорт министрі;
  • Ерлан Сәрсембаев – әділет министрі;
  • Ерсайын Нағаспаев – өнеркәсіп және құрылыс министрі;
  • Ерлан Ақкенженов – энергетика министрі;
  • Нұрлан Сауранбаев – көлік министрі;
  • Жұлдыз Сүлейменова – оқу-ағарту министрі;
  • Асқарбек Ертаев – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Үкімет қаншалықты жаңарды?

Жаңа министрлер кабинетінде кадрлық сабақтастық сақталды:

  • Үкімет құрамындағы адам саны – 25;
  • қызметінде қалғандар – 21 адам;
  • жаңадан келгендер – 4 адам;
  • құрамның жаңару үлесі – 16%;
  • бұрынғы құрамын сақтағандар үлесі – 84%.

Негізгі өзгерістер сыртқы саясат, мәдениет және ақпарат, төтенше жағдайлар, сондай-ақ экология салаларында болды. Қаржы-экономикалық блок пен әлеуметтік саланы басқаратын министрлердің көбі орнын сақтап қалды.

Үкіметтің орташа жасы қанша?

Жаңа министрлер кабинетінің орташа жасы – 51 жас.

Есепке премьер-министр, оның орынбасарлары және барлық министр – жалпы 25 адам енгізілді.

Үкімет құрамындағы ең жасы – 1985 жылы туған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов. Ол шамамен 41 жаста. Ең үлкені – 1966 жылы туған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ол 60 жаста.

Осылайша, Құрылтай сайлауынан кейін жасақталған Үкіметте ауқымды кадрлық ауыс-түйіс болған жоқ. Министрлер кабинетінің әрбір алтыншы мүшесі ғана ауысып, негізгі басқарушы құрам жұмысын жалғастырды.

Сондай-ақ оқыңыз