Непалдағы жойқын су тасқыны: елге 2,6 миллиардқа жуық залал келген

Непалдың төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық басқармасы елдегі су тасқынынан келген шығын көлемін жариялады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Economic Times басылымының мәліметінше, табиғи апат салдарынан жылжымайтын мүлік, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға кемінде 2,56 миллиард доллар көлемінде залал келген.
Төтенше жағдайлар қаупін азайту және олардың алдын алу басқармасының басшысы Дхарма Радж Упретидің айтуынша, алғашқы төрт айда қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 52,6 миллион доллар қажет болады.
Қаражат жолдарды жөндеуге, уақытша баспаналар тұрғызуға, сондай-ақ халықты ауызсумен және электр жарығымен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Табиғи апат 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында болды. Қытайлық мамандардың қорытындысы бойынша, Непалдағы биік таулы мұздықтың бір бөлігі ойылып түскен. Түскен масса өзімен бірге тастар мен топырақты сүйреп, жойқын ағын түзеген. Ол 6-7 минутта шекаралық өткелге жетіп, кенеттен су тасқынын тудырған.
2 қыркүйектегі мәліметтер бойынша, Непалда кем дегенде 1114 адам қаза тауып, 2916 адам жоғалғандар тізімінде тұр. Ал Қытайдың Тибет аймағында қаза тапқандар саны 16 адамға жетіп, тағы 546 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Айта кетейік осыған дейін Непалда табиғи апаттан кейін үш қазақстандық турист іздестіріліп жатқанын хабарлаған.