Әзіл түрмеге апарады: неге полиция мен ұшақта қалжыңдауға болмайды

Полиция қызметкерлеріне және ұшақтың ішінде қалжыңдауға болмайды. Әсіресе, бомба және жарылыс туралы тұспалдауға.
Қазақстанда екі оқиға орынсыз қалжың үшін азаматтардың жауапкершілікке тартылатынын көрсетіп берді.
Мәселен, Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Баллонды жарамын»
Сот шешімімен ол 16 тәулікке қамауға алынды. Оқиға 2 қыркүйекте болған. Полицияға К.Маркс көшесіндегі үйлердің біріндегі пәтерде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жетіп, мән-жайды анықтамақ болған полиция қызметкерлеріне сол пәтерде тұратын 33 жастағы ер адам газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан.
Сот отырысында ер адам ішімдік ішкенін айтып, полиция қызметкерлеріне айтқан қорқыту сөздерін «әзіл» ретінде түсіндірген.
«Алайда мұндай сөздерді әзіл деп қабылдауға болмайды. Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады», – деп ескертеді сақшылар.
«Сөмкең ауыр, ішінде қорғасын ба, бомба ма?»
Осыған ұқсас жайт, ұшақта да кездескен.. Алматы–Ақтау бағытындағы рейстің жолаушылары ұшаққа 2 сағат кешігіп отырған. Бұған ардагер атаның әзілі себеп болған.
Зейнеткер стюардессаның сөмкесін жоғарғы сөреге көтере алмай жатқанын көріп, оған көмектеспек болған.
Сол сәтте ол: «Мына сөмкенің ауырын-ай, ішінде қорғасын ба, бомба ма?» — деп әзілдеген.
Осыдан кейін Көліктегі полиция департаменті тексеру жүргізілген. Алайда, ешқандай жарылғыш зат табылмаған.
Атаны рейстен түсіріп, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Ал Антальядан келген ұшақта жанжал шығарған елордалық қамауға алынған болатын.