Президентті күзеткен генерал енді әкім болды: Шыңғыс Әрінов туралы не белгілі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Бүгін, 4 қыркүйекте Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол екі жылдан астам уақыт Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған. Ал оған дейін Әрінов ұзақ жылдар бойы Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек етіп, 2022–2024 жылдары президент күзет қызметінің бастығы болды. Мемлекеттік күзет жүйесіндегі қызметін 2006 жылы бастаған ол кейін генерал-лейтенант шеніне дейін өсті. Kursiv Media Шыңғыс Әріновтің еңбек жолына үңіліп көрді.

Әріновтің мемлекеттік қызметтегі мансабының басым бөлігі қауіпсіздік саласымен байланысты. Ол Мемлекеттік күзет қызметінде 16 жылға жуық еңбек етіп, президент күзет қызметінің бастығына дейін көтерілді.

Әріновтің еңбек жолы қайдан басталды

Шыңғыс Сайранұлы Әрінов 1983 жылғы 29 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында құқықтану, Азаматтық авиация академиясында тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандықтарын меңгерген.

Оның мемлекеттік қызметтегі негізгі кезеңі 2006 жылы басталған. Сол жылдан 2022 жылға дейін Әрінов Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Күштік құрылымдағы қызметі

2022–2024 жылдары Шыңғыс Әрінов мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – президент күзет қызметінің бастығы қызметін атқарған. Бұл лауазымға ол 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған.

Осы кезең оның мансабындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Өйткені ол кезде Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін күштік және қауіпсіздік құрылымдарында елеулі кадрлық өзгерістер жүрді.

Азаттықтың 2024 жылғы талдау материалында Әріновтің Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары әрі президент күзеті қызметінің басшысы болғаны жазылған. Басылым сондай-ақ оның бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевты, кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты қорғағанын атап өткен.

Дегенмен Әріновтің Қаңтар оқиғасы кезіндегі нақты әрекеттері немесе белгілі бір операцияларға қатысқаны туралы ашық деректерде толық ақпарат жоқ.

Қаңтардан кейінгі кадрлық кезең

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік күзет қызметі мен басқа да күштік құрылымдардағы кадрлық ауыс-түйістер қоғам назарында болды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Әріновтің президентке жақын қызметте болуы және кейін жоғары лауазымға тағайындалуын президенттің сенім артқан кадрларға сүйенуімен байланыстыруға болатынын айтқан.

Күзет қызметінен Төтенше жағдайлар министрлігіне

2024 жылғы 6 ақпанда Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Арада көп өтпей, көктемгі су тасқыны басталып, жаңа министр үшін бұл қызметтегі алғашқы ірі сынаққа айналды. Осы кезеңде оның бұған дейін төтенше жағдайлар мен құтқару саласында тәжірибесі болмағаны да қоғамда кеңінен талқыланды.

Сол кезде журналистер Әріновтің жаңа министр ретінде көпшілік алдына сирек шығатынын жазып, оның бұрынғы қызметі мен жаңа ведомство арасындағы айырмашылыққа назар аударған.

Әрінов Төтенше жағдайлар министрлігін 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін басқарды.

Осы кезеңде оның әскери шені де өсті. 2022 жылы генерал-майор болған Әріновке 2025 жылғы қазанда генерал-лейтенант атағы берілді.

Фото: Ақорда

Министр ретіндегі қызметінде ол азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту, құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту және төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін арттыру мәселелеріне басымдық берді.

Мәселен, 2025–2026 жылдары ТЖМ жүйесінде жаңа әмбебап құтқару құрылымдарын, авиация және теңіз жасақтарын дамыту, сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында елді мекендердегі қауіпсіздікті күшейту жұмыстары жүргізілгені хабарланды.

Жаңа қызметі – Алматы облысының әкімі

2026 жылғы 4 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Марат Сұлтанғазиевтің орнына келді.

Енді Шыңғыс Әріновтің алдында мүлде жаңа міндет тұр. Ол Қазақстандағы ірі өңірлердің бірін басқарып, экономикалық өсім, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыз