Ақмола облысында 50 млн теңгеден астам субсидия жымқырған басшылар ұсталды

Ақмола облысында екі ұйымның басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп 50 млн теңге көлемінде инвестиция алған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу деректеріне қарағанда, «Медина» кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған.
Олар 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәлімет жасап, бюджеттен 9 млн теңгені өздеріне аударып алған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
«Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.