Филиппин вице-президенті бастығын өлтіремін деп қорқытқаны үшін қамалады

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Филиппин вице-президенті бастығын өлтіремін деп қорқытқаны үшін қамалады / Фото: АР

Филиппинде сот 4 қыркүйекте елдің вице-президенті Сара Дутертені мемлекет басшысы Фердинанд Маркос кішіге қастандық жасайтынын айтып қорқытқаны үшін қамауға ордер берді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Associated Press ақпаратына сүйенсек, Сара Дутерте әзірге қамауға алынған жоқ. Филиппин ішкі істер министрінің айтуынша, вице-президенттің адвокаттары ордерді алған және кепіл енгізуді жоспарлап отыр. Бұл оған сот процесі кезінде бостандықта қалуға мүмкіндік береді.

Сара Дутерте президент Фердинанд Маркосты, оның жұбайын және өкілдер палатасының бұрынғы спикері Мартин Ромуальдесті өлтіремін деп қорқытқаны үшін үш айып бойынша жауапқа тартылады. Кесон-Сити соты әр айып бойынша 120 мың песо (шамамен 874 мың теңге) көлемінде кепіл белгіледі. Осылайша кепілдің жалпы сомасы 360 мың песоға (шамамен 2,62 млн теңге) жетеді.

Сара Дутерте өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Іс оның 2024 жылғы қарашада өткен онлайн баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесіне байланысты қозғалды. Сол кезде саясаткер Фердинанд Маркосты, оның жұбайын және Мартин Ромуальдесті өлтіру үшін жалдамалы адаммен келісім жасағанын айтқан. Оның сөзінше, егер өзін өлтірсе, киллер президент пен оның жақындарын да өлтіруі керек болған.

«Бұл әзіл емес. Мен онымен келісім жасап қойдым», – деген еді Сара Дутерте.

Кейін ол президентті қорқытпағанын, тек өз қауіпсіздігіне алаңдағанын мәлімдеді.

Тергеуді Филиппиннің Ұлттық тергеу бюросы жүргізді. 2025 жылғы ақпанда ведомство материалдарды оған айып тағуды ұсына отырып, Әділет министрлігіне тапсырды.

Алайда прокурорлар алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін ғана, 2026 жылғы 11 тамызда істі сотқа жолдаған.

2022 жылы Фердинанд Маркос пен Сара Дутерте сайлауға саяси одақтас ретінде қатысып, сәйкесінше президент және вице-президент қызметтеріне сайланды. Кейін олардың саяси одағы ыдырады.

Сондай-ақ оқыңыз