Әскери қызметтен зейнетке шыққандарға жұмысты алдын ала іздеу жоспарланып отыр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Әскери қызметтен зейнетке шыққандарға жұмысты алдын ала іздеу жоспарланып отыр / Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда әскери қызметшілерді азаматтық еңбек нарығына ауысуға алдын ала дайындап, оларға қызметін аяқтамай тұрып жұмыс табуға көмектесу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда еңбек еткен жылдары бойынша зейнетке шыққан 148,7 мың адам бар. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, осы санаттағы азаматтарды қолдаудың қосымша тетіктерін қарастырып жатыр.

Ведомство басшысы Асқарбек Ертаев «Әскери қызметтен кейінгі өмір» қоғамдық қорына барған кезде күштік құрылымдардағы қызметін аяқтап жатқан азаматтарды кәсіби бейімдеу және жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.

Кездесуде ұсынылған тетіктердің бірі таныстырылды. Оған сәйкес, әскери қызметшілерді сүйемелдеу жұмысы қызметтен босатылуына шамамен алты ай қалғанда басталуы мүмкін. Оның аясында:

  • кәсіби құзыреттері мен жұмысқа орналасудың ықтимал бағыттарын анықтау;
  • кәсіби бейімделудің жеке жоспарын әзірлеу;
  • қажет болған жағдайда оқыту және қайта даярлау;
  • мансап бойынша кеңес беру;
  • психологиялық қолдау көрсету;
  • жұмыс іздеуге жәрдемдесу қарастырылған.

Алдымен бұл тәсілді Астанада сынақтан өткізу ұсынылып отыр. Пилоттық жобаның нәтижесіне қарай оны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізу мүмкін.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қызметтен кейінгі азаматтарды кәсіби бейімдеу және жұмыспен қамту жөніндегі меморандум әзірлеуге келісті.

Сондай-ақ оқыңыз