VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан ат жарыстан жеңімпаз атанды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 300 шақырымдық алыс қашықтықтағы ат жарысында қарсыластарынан озып шығып, бірінші орын алды. Бұл туралы Kursiv.Media Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шабандоздар мен олардың тұлпарлары төрт күнге созылған ауыр сында жоғары төзімділік танытып, мәреге алғашқы болып жетті.
Ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль еншілеген жеңімпаздар қатарында Ернар Ержан, Жарас Төлебай, Жақсылық Ыдырыс, Қанат Реимбай және Ахмет Есен бар.
Бұл тартысты жарыста екінші мен үшінші орынды Қырғызстан командалары өзара бөлісті.
Бұған дейін қазақстандық қол күрес шеберлері 12 медаль алған.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтіп жатыр. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Ойындарға шамамен 100 ел қатысып отыр.