Қазақстан мен Қытай астық саудасына арналған ортақ платформаны іске қосты

Қазақстан мен Қытай астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған ортақ цифрлық платформаны іске қосты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жаңа жүйе экспорттаушы компаниялар мен сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Цифрлық жоба Қытайда өткен астық саудасы конференциясы аясында іске қосылған.
Платформа Қытайдың 50 мың агрокәсіпорнын біріктіретін ұлттық интернет-платформасы негізінде құрылған. Оның жұмысын Қытайдың Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасына қарасты Астық саудасын үйлестіру орталығы жүргізеді.
Жүйе екі ел компанияларына сауданы интернет арқылы делдалсыз жүргізуге, ашық аукциондар, шақыру бойынша сауда-саттық пен алдын ала белгіленген баға арқылы келісімшарт жасауға жол ашады.
Келісімдердің сенімділігі үшін кепілдік қамтамасыз ету, онлайн есеп айырысу, тәуелсіз тексеру және дауларды шешу тетіктері енгізілген. Бұл бағаны айқындауды жеделдетіп, процесті тұрақты етеді.
Қазір сауда алаңында Қазақстанның 35 компаниясы тіркеліп, 24 мың тонна зығыр жеткізу туралы алғашқы келісімшарттар жасалды. Бастапқы кезеңде платформа арқылы дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ өсімдік майы мен май-тоңмай өнімдері сатылады.
Алдағы уақытта тауарлар тізбесі кеңейтілуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына арналған цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырады.
Қазақстан 11 айда 14 млн тоннаға жуық астық пен ұн экспорттаған.