VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ресми медальдар есебі жүргізілмейтін болды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Фото: Номад ТВ

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы есебіне қатысты жағдай қоғамда үлкен дау тудырды. Түсініспеушіліктен кейін Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі ресми мәлімдеме жасап, бұл жарыста елдер арасында ресми медальдар есебі жүргізілмейтінін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін жалпы есепте жеңіске кім жеткені белгісіз болып, дау туындаған еді. Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама 32 алтынмен бірінші орынды алғаны айтылған. Ал Көшпенділер ойындарының ресми парақшалары Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға жайғасқан деп ақпарат таратып, артынша ол жазбаны өшіріп тастаған болатын.

Ұйымдастырушы тараптың хабарлауынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі тұжырымдамасы мемлекеттер арасындағы өзара бәсекелестік емес, халықтарды біріктіру, достықты нығайту және этноспорт пен мәдени мұраны насихаттау болып табылады. Осы себепті ресми медальдар кестесі мен жалпы командалық рейтинг жүргізілмейді.

Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарында өнер көрсеткен ұлттық құраманы құттықтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз