Telegram жастарды қолдауға 2,2 млн доллардан астам қаржы бөлді

Павел Дуров Telegram мессенджері бір ай ішінде әлемдегі ең талантты мамандар мен жастарды қолдау мақсатында 2,2 млн доллардан астам қаржы бөлгенін жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның мәлімдеуінше, тек осы соңғы аптада дизайн байқауы мен цифрлық бостандық конкурсының жеңімпаздары арасында 222 000 доллар жүлде қоры үлестірілген. Бұдан бөлек, өткен айда Telegram Информатика (IOI) мен Жасанды интеллектіден (IOAI) өткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына 2 млн доллардан астам жүлде тапсырды.
Еске салсақ, 2026 жылдың тамыз айында Астанада мектеп оқушылары арасында 3-ші Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы (IOAI 2026) өтті.
Әлемнің 108 елінен келген 460-тан астам дарынды оқушы бақ сынаған ауқымды білім сайысы Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып, елорда цифрлық дарындылардың жаһандық орталығына айналған еді. Ал Ташкентте өткен Халықаралық информатика олимпиадасында (IOI 2026) да ел намысын қорғаған оқушыларымыз жоғары нәтижелер көрсетті.