US Open: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы деген атаққа таласады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина маусымның соңғы Үлкен дулыға турнирі – US Open 2026 сайысында сәтті өнер көрсетіп келеді. Елена жарысты сенімді бастап, алғашқы айналымда америкалық Тея Фродиннен (6:3, 6:2), екінші айналымда испаниялық Джессика Бусас Манейродан (6:2, 6:4), ал үшінші раундта украиналық Юлия Стародубцевадан (7:6, 6:3) басым түсті. Осылайша ол Нью-Йорктегі ең үздік нәтижесін қайталап қана қоймай, әлемдік теннис шыңына барынша жақындай түсті. Айта кетейік, Елена өз мансабында US Open турнирінің ширек финалына дейін шығып қалатын.
Бүгін, 7 қыркүйекте Елена мансабындағы ең маңызды әрі тартысты кездесулерінің бірін өткізеді. WTA live-рейтингіндегі есеп-қисапқа сүйенсек, қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенко ширек финалға өтіп, баспасөз мәслихатында соңынан өкшелеп келе жатқан қарсыласы тарапынан үлкен қысым сезініп жатқанын мойындады.
Егер Елена Рыбакина 1/8 финалда жеңіске жетіп, АҚШ ашық чемпионатының кем дегенде жартылай финалына дейін жетсе, ол өз тарихында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Ширек финалға өтер жолда отандық теннисшіге Үлкен дулыға турнирлерінің төрт дүркін чемпионы, бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы, жапониялық Наоми Осака қарсы тұрады.
Осака мен Рыбакина текетіресі: басымдық Қазақстан жағында
Наоми Осака мен Елена Рыбакина бірнеше жылдан бері әлемдік теннистің элитасында жүргеніне қарамастан, ресми жарыстарда бұған дейін тек бір-ақ рет кездескен. Ол дуэльде қазақстандық спортшы жеңіске жеткен болатын.
Олардың жалғыз бетпе-бет кездесуі жуырда ғана 2026 жылдың 12 тамызында Канаданың Торонто қаласында өткен WTA 1000 турнирінің ширек финалында өтті. Хард кортында екі жарым сағатқа созылған тартысты матчта жапониялық теннисші бірінші сетті өз пайдасына шешті. Дегенмен екінші партияда Рыбакина тай-брейкте таразы басын өзіне аударып, шешуші үшінші сетте мықты соққыларының арқасында қарсыласын тізе бүктірді.
Тікелей трансляция
Осака – Рыбакина матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 23:30-да басталады. Ойын Луи Армстронг атындағы орталық кортта өтеді. Кездесуді осы сілтеме арқылы өтіп, онлайн тамашалауға болады.
Биыл турнирдің жүлде қоры 37 840 000 долларды құрайды. Жарыс жеңімпазы 5 500 000 доллар қаржылай сыйақы алып, қоржынына 2000 рейтингтік ұпай қосады.