
Қазақстанның Қаржы министрлігі AIX биржасында қытай юанімен номинацияланған екі мемлекеттік облигация шығарылымы бойынша өтінім қабылдап жатыр. Тартылатын қарыздың жалпы көлемі 6,6 миллиард юаньды құрайды. Ұлттық валютаға шаққанда шамамен 448 миллиард теңгеге тең. Бұл туралы қаржыгер Арман Батаев жазады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Инвестициялық түсімдерді арттыруға бағытталған бұл қадам екі түрлі өтеу мерзімі бойынша жүзеге асырылады. Бірінші шығарылым 5 миллиард юань (340 миллиард теңге) көлемінде жоспарланған. Сыйақы мөлшерінің бастапқы бағдары жылдық 1,8–1,9 пайызды құрайтын бұл үш жылдық бағалы қағаздарды өтеу мерзімі 2029 жылғы 7 қыркүйекке белгіленген.
Екінші шығарылым 2031 жылдың 9 қыркүйегіне дейін есептелген бес жылдық панда-бондтардан тұрады. Жалпы көлемі 1,6 миллиард юань болатын бұл облигациялардың кірістілік межесі жылдық 1,9–2,2 пайыз деңгейінде белгіленіп отыр.
Екі шығарылым бойынша да купондық төлемдер жылына бір рет төленеді.
Бұл Қазақстанның Қытай қаржы нарығынан қарыз алудағы алғашқы қадамы емес. Осыған дейін, 2026 жылдың мамыр айында Қаржы министрлігі қытай қор нарығына панда-облигацияларын орналастырған.