Жол апатынан Астана – Қарағанды – Алматы автожолындағы өткелге зақым келді

Кездейсоқ жол апатынан Астана – Қарағанды – Алматы автожолындағы өткел конструкциясына зақым келді.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады. Осы бағытта жүретін жүргізушілерге ескерту жасады.
«2026 жылғы 7 қыркүйек сағат 14:20 шамасында Астана – Қарағанды – Алматы автожолының 165-шақырымында, Ақтау жол өткелі маңында жол-көлік оқиғасы орын алды. Экскаватор тиелген трал тіркемесі бар VOLVO жүк көлігі жол өткелінің конструкциясына соғылған. Оқиға салдарынан жол өткелінің конструкциясына механикалық зақым келді», – делінген ақпаратта.
Компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта мамандар нысанның техникалық жай-күйіне тексеру жүргізіп жатыр. Жарияланған бейнежазбадан, өткелдің бетон сынықтары үгіліп жерге түскені, арматуралары көрініп қалғаны байқалады.
Айта кететін жайт, жөндеу жұмыстарына байланысты 2026 жылғы 24 тамыздан 10 қыркүйекке дейін күн сайын сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін аталған автожолда Жібек жолы – Қаскелең аралығында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.