Қазақстан экономикасы құрылыс саласының есебінен өсіп жатыр

2026 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырмен салыстырғанда 4,1%-ға өсті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-маусым айларында өндірілген ЖІӨ көлемі 70,9 трлн теңгеге жетті.
Нақты өсім бойынша ең жоғары көрсеткішті құрылыс саласы көрсетті: 15,2%. Алайда құрылыс саласы инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бюджет есебінен қарқын алып жатыр.
Ал экономикаға ең үлкен үлес қосқан – өңдеу өнеркәсібі. Сала 9,8%-ға өсті. Ел экономикасының жалпы құрылымында өнеркәсіптің үлесі басым – 28,6%. ЖІӨ-нің 4,1%-дық өсімінің 1,25 пайызын дәл осы өңдеу өнеркәсібі камтамасыз етті. Салыстырмалы түрде алсақ, жоғары серпін көрсеткен құрылыс саласының өсімге қосқан үлесі 0,79 пайыз.
Өзге салалардың жағдайы қандай?
Экономиканың алға жылжуына басқа да бағыттар өз септігін тигізді:
- Сауда-саттық – 5,7% (ЖІӨ-ге қосқан үлесі – 0,93 пайыз, бұл да құрылыстан жоғары);
- Көлік және логистика – 7,1%;
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4%.
Жалпы ЖІӨ құрылымында тауар өндірісінің үлесі 36,4%-ды, ал қызмет көрсету саласының үлесі 55,4%-ды құрады.
Экономика өсті, ал халықтың табысы ше?
Экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже бергенімен, халықтың әл-ауқатында кері үрдіс байқалады. Елде нақты жалақы азайып барады. ІІ тоқсанда тұрғындардың нақты табысы былтырмен салыстырғанда 2%-ға жуық төмендеді.
Ал 2027-2029 жылдары ел экономикасын ауыл шаруашылығы алға сүйремек. Үкімет алдағы үш жылда агроөнеркәсіп саласына басымдық беруді жоспарлап отыр.