Қазақстан мен Жапония 940 млн доллар болатын 17 жобаны жүзеге асырып жатыр

Бүгінде Қазақстан мен Жапония арасындағы өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны шамамен 940 млн доллар болатын 17 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 10 жоба пайдалануға берілген, деп хабарлайды Kursiv Media.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын 60 коммерциялық келісімге қол қойылған. Олардың бір бөлігі жапон технологиялары мен заманауи шешімдерді Қазақстан өндірісіне енгізуге бағытталған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Кенжи Ямадамен кездесуінде екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен өндірістік жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуде сондай-ақ биыл желтоқсанда Астанада өтетін Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-отырысына дайындық мәселесі сөз болды.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан студенттері Жапонияда тегін білім ала алады