Несие алу шарты өзгерді: қандай борышкерлерге жаңа кредит берілмейді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

2027 жылдан несие алу шарты өзгереді: азаматтардың жалпы қарызы оның табысына тікелей байланысты болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова отандық басылымға берген сұхбатында айтты.

Кімге кредит берілмейді?

Қазіргі кезде мойнында төлемеген кредиті бар адамдарға жаңа несие берілмейді. Сонымен қатар соңғы 3 жылда қарызы толық кешірілген немесе соңғы 12 айда қарызын қайта құрылымдағанымен, кредитін төлеуге мүмкіндігі болмаған азаматтар да жаңа кредит ала алмайды.

Ал 2027 жылдан борышкердің жиынтық қарызының табысына қатысты коэффициент енгізіледі.

Бұл шектеулер қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр: ірі банктерде бір жыл ішінде дефолтқа ұшырайтын несиелер үлесі 5%-дан 2,5%-ға дейін азайды.

Ал кепілсіз тұтынушылық несие берудің өсу қарқыны 2024 жылғы 30%-дан биылғы 7 айда 3,5%-ға дейін бәсеңдеді.

Бәсеке артады: жаңа банктер мен «ислам терезесі»

Банк нарығына жаңа ойыншылардың кіруі де жеңілдетілді. Заңнамада базалық және әмбебап банк лицензиялары енгізіліп, талаптар банктің көлемі мен тәуекелдеріне қарай қолданылатын болды. Сенімді шетелдік банктердің келуі жеңілдеп, ірі микроқаржы ұйымдарын банкке айналдыру механизмі іске қосылды.

Нәтижесінде, соңғы 15 жылда алғаш рет нарыққа екі жаңа қатысушы шығып, 2025 жылы BNK Commercial Bank пен KMF Банк лицензия алды. Жыл соңына дейін Abu Dhabi Commercial Bank әмбебап банк лицензиясын алып, «ислам терезесі» арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқыңыз