Колледж бітірген соң қай мамандықпен жұмыс табу оңай

Қазақстанда колледж түлектері арасында жұмысқа орналасу деңгейі ең жоғары мамандықтар белгілі болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді деп хабарлайды Kursiv.Media.
Министр биыл жұмысшы біліктіліктеріне қабылдау 57 мың студентке дейін өскенін атап өтті.
«Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де айтарлықтай артты. Ең жоғары көрсеткіш тігіншілерде – 79%, аспаздарда – 77%», – деді Сүлейменова.
Қазір жұмысшы біліктіліктері бойынша мамандарды 480 колледж даярлап жатыр. Бұл оқу орындарында 131 мыңнан астам студент білім алады. Оның ішінде 103 мыңы, яғни 79%-ы 9-сыныптан кейін колледжге түскен.
Айта кетейік, 2030 жылға қарай колледж жасындағы жастар 1,5 млн-ға жетеді. Осы кезеңде экономикаға жыл сайын 225–256 мың маман қажет болады.