Қазақстан азық-түлікпен өзін қашан толық қамтамасыз етеді – вице-министр жауабы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан 2028 жылға қарай негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Алайда қант бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі әлі де жоғары. Отандық өндіріс көлемі қашан артады және бұл бағаға қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді.

Қазір қант Қазақстанның импортқа тәуелді азық-түлік өнімдерінің қатарында. Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламасында 2028 жылға қарай қантпен қамтамасыз ету деңгейін 83%-ға жеткізу көзделген.

Сүт бойынша нәтиже бар

Азат Сұлтановтың айтуынша, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша жұмыс бірнеше бағытта жалғасып жатыр. Соның ішінде сүт өндірісінде нақты нәтижелер бар.

«90 өндірістік сүт фермасын іске қостық. Осы жоспар бойынша тағы 15 сүт фермасын қоссақ, 600 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік болады. Сол арқылы импортты толық жабамыз», – деді вице-министр.

Биыл тағы 19 сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарланған. Жалпы қуаттылығы жылына 500 мың тоннадан асатын 95 ферма қаржыландырылып, оның 71-і пайдалануға берілген.

Қант бойынша импортқа тәуелділік жоғары

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда қант бойынша жағдай күрделі. Оның сөзінше, отандық өндірістің үлесі шамамен 10%.

«Бізде бір ғана өнім қалды, ол – қант. Қант бойынша да үлкен жоспарлар болған. Жамбыл және Алматы облыстарында ірі зауыттардың инвестициялық жобаларын жоспарладық. Бірақ қазір олар тоқтап тұр», – деді Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, қант өндірісін арттыру үшін шетелден әкелінетін шикізатты да пайдалануға тура келеді. Алайда бұл жағдайда өнім бағасы сыртқы факторларға тәуелді болады.

«Шикізатты валютаға алып келеміз. Валюта өзгерсе, бағасы да өзгеруі мүмкін», – деді ол.

Қазақстанның қазіргі азық-түлік қауіпсіздігі жоспарында да қант импортқа тәуелді жеті өнімнің қатарында тұр.

Солтүстік Қазақстанда қант зауыты салынады

Қант өндірісін арттыру үшін жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында қант зауытын салу көзделген.

«Солтүстік Қазақстан облысында қант зауытын саламыз. Жер дайын, қазір қаржыландыру мәселесі ғана қалды. Шикізат бойынша эксперимент жүргізілді, оның сапасы өте жоғары. Бұл инвестициялық жоба 2028 жылға дейін іске қосылуы керек», – деді вице-министр.

Сұлтановтың айтуынша, осы жобалар жүзеге асса, Қазақстан 2028 жылға дейін негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатына жақындайды.

«Жалпы, 2028 жылға дейін осы бес өніммен толықтай қамтамасыз ететін боламыз», – деді ол.

Айта кетейік, Қызылорда облысы Абай ауылында 800 басқа арналған сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаға салынған инвестиция көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз