«К»-мен жазып келдім: Оқу министрі «қыркүйек» дауына не дейді

Жаңа оқу жылының қарсаңында кенеттен желіде «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты дау туды. Бұған қатысты үкімет отырысына қатысқан оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да ойын айтты.
Желіде пікірін жазған кей ата-аналардың сөзінше, мұғалімдер мектепте «қыргүйек» деп жаза бастаған. Дәптер мен оқулықтарға да осы нұсқаны пайдаланған.
«Өмір бойы қыркүйекті к-мен жазып жүр едік қой, неге ауысып кетті», – дейді қолданушылар.
Жұлдыз Сүлейменова да үнемі «қыркүйек» деп жазып жүргенін мойындады.
«Бұл сұрақ мені де қызықтырды. Материалдарды зерттеп шықтым. 80-жылдардан бастап жазу және айтылым ережелерін өзгерту мәселесі талқыланғанын айта аламын. Бірақ мен өзім «қыркүйек» деп жазамын, яғни «к» әрпін қолданамын. 80-жылдардың соңында және 2000-жылдары жүргізілген зерттеулер де осы нұсқаны көрсетіп, адамдардың 93%-ы дәл осы жазылуды таңдағанын анықтады», – деп жауап берді Сүлейменова.
Дегенмен даудың соңғы нүктесін ғалымдар қоюы керек дегенді атап өтті.
«Егер тіл мамандары дұрысы «қыргүйек» деп жазу керек десе, соған құлақ асу керек. Нүктесін ғалымдар қояды», – дейді министр.
Оқи отырыңыз: Мектепке боянып келуге бола ма: министр Сүлейменова ойын айтты