SCAT әуекомпаниясы Шымкенттен Сингапурға әуе рейсін ашады

2026 жылдың 20 қазанынан бастап қазақстандық SCAT әуекомпаниясы Шымкент пен Сингапур қалалары арасында қатынайды. Рейс Қытайдың Санья қаласы арқылы транзитпен аптасына екі рет орындалады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыттың басты ерекшелігі – «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын пайдалануы. Яғни жолаушылар Қытайдың Санья қаласына дейін ұшып, одан әрі Сингапурға сапарын жалғастыра алады.
«Бұл жолаушыларға Қазақстаннан Сингапурге тікелей ұшып қана қоймай, Санья – Сингапур бағыты бойынша да рейсті жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Осылайша, әуе компаниясы жолаушыларды тек Қазақстан мен Сингапур арасында ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Сингапур арасында да тасымалдауға мүмкіндік алады.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туризм, инвестициялық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстаннан 32 мемлекетке тікелей әуе рейсі қатынайды