Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 27 трлн теңгеден асты

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
ЕНПФ
БЖЗҚ активтері 8 айда қаншаға өсті / Аскар Ахметуллин

2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша казақстандықтардың зейнетақы жинағы жыл басынан бері 7,4%-ға көбейіп, 27 трлн теңгеден асты. Бұл өсімнің қомақты бөлігін таза инвестициялық кіріс қамтамасыз етіп, 7 айдың ішінде 1,1 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шолуында жазылған.

Қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары бойынша шоттар саны 11 372 810-ға жетіп, 0,8%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша шоттар 3,4%-ға өсіп, 788 044-ті құраса, ерікті зейнетақы жарналары бойынша шоттар керісінше 0,7%-ға азайып, 462 616 болды.

Ал жинақталған зейнетақы қаражатының ел жалпы ішкі өніміне қатысты үлесі 15,8%-ды құрап отыр. Азаматтарға төленген зейнетақы төлемдерінің жалпы көлемі 11,2%-ға өсіп, 10,8 трлн теңгеге жетті.

Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 5 трлн теңге, ал емделуге 1 трлн теңгеден аса жұмсалды.

Бұған қоса, әскери қызметшілерге бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызын қайтару сомасы 150,3 млрд теңгені құрады.

Жалпы зейнетақы активтерінің жиынтық көлемі жыл басынан бері 4,6%-ға артып, 27 082,9 млрд теңгеге жетсе, ай сайынғы орташа өсім 205,5 млрд теңгені құрады.

Портфельдегі негізгі үлес Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (43,3%), сыртқы басқарудағы активтерге (23,3%) және отандық компаниялардың бағалы қағаздарына (12,8%) тиесілі болып отыр.

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. Бұған дейін салымшы жинағының жартысынан аспайтын бөлігін ғана аударуға құқылы еді. Жаңа мүмкіндік міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатқа қолданылады. 

Сондай-ақ оқыңыз