4 жасар баланың ішегінен 59 магнит табылды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда кішкентай балалардың магнитті шариктерді жұтып қою жағдайлары жиі тіркеліп жатыр. Жыл басынан бері мұндай жағдаймен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 15 бала жеткізілген деп хабарлайды Kursiv Media.

Дәрігерлердің айтуынша, бір кезекшілікте бірден үш бала магнит жұтып, ауруханаға түскен. Оның біреуі 2 жастағы бала. Іші ауырғаннан кейін ауруханаға жеткізілген. Операция кезінде ағзасынан 25 магнитті алып тастады.

Бірнеше сағаттан соң 2,5 жастағы тағы бір баланың ата-анасы медициналық көмекке жүгінген. Бала құсып, іші ауырған. Дәрігерлер оның ағзасынан 9 магнит алып шықты. Бала отадан кейін 10 күн ауруханада емделген.

Ең күрделі жағдай 4 жасқа толмаған балаға қатысты болды. Ол түнде іші қатты ауырып, әлсіздік және құсу белгілерімен жеткізілген. Тексеру кезінде асқазан-ішек жолында көптеген бөгде зат бары анықталады. Ота барысында баланың аш ішегінен 59 магнит алынған.

«Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Мамандар бірнеше магниттің бала ағзасына түсуі өте қауіпті екенін ескертеді. Олар бір-біріне тартылып, ішкі ағзаларды зақымдауы және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Бұған дейін 31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасалғанын жазған едік.

Дәрігерлер ата-аналарға магнитті шариктер мен құрамында ұсақ магниттері бар ойыншықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды және олардың қандай заттармен ойнап жүргенін үнемі бақылауды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз